Қазақстан жаңалықтары29 қараша 2023, 19:48

Фермерлер сапасы төмен астықтан шығынға батуы мүмкін

Мәжілісте жауын-шашыннан кейін пайда болған сапасы төмен астықты пайдаға жарату тақырыбы талқыланды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Осы орайда Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев фермерлердің мәселесін тез арада шешу керек екенін айтты.

«5,6 миллион тоннаның (сыныпсыз астық) 200 мыңын ғана экспорттайсыздар. Мұның өзінде Қытай осы 200 мың тоннаны нақты алатыны белсіз және бұл көлем жалпы проблеманы шешпейтіні түсінікті. Ал қалған 5,4 млн тоннаны қайда жібереміз? Біріншіден, бұл мәселені тез арада шешпесе, төмен санаттағы осы астық көктеп шығады немесе күйіп кетеді. Біздің есептеуімізше, бұл сапасыз төмен астықтың тоннасы 55 мың теңге болса, қазір шаруалардың қоймаларында 300 миллиард теңгенің өнімі жатыр. Ал екі айда ол жарамсыз болып қалады. Бұл ақшаны шаруаларға кім қайтарады», - деді С. Егізбаев.

Өз кезегінде «Қазақстанның Астық одағы» ЗТБ төрағасы Нұрлан Оспанов биыл фермерлер шығынға батуы мүмкін екенін растады.

«Біздің астық өткізіліп жатқан нарықтар соншалықты ауқымды емес. Бізде Қытай мен Орталық Азия бар. Бұдан басқа өңірлерге сауда жасауымыз екіталай, өйткені бізге көлік шығындарын субсидиялау қажет болады. Онсыз біз бұл нарықтарға кірмейміз. Сондықтан біз әрқашан дәстүрлі нарықтарды назарға аламыз. Енді «Азық-түлік корпорациясы» мен Ауыл шаруашылығы министрлігі биылғы сыныпқа жатпайтын бидай мен бесінші сұрыпқа қатысты мәселелерді шеше алмауы мүмкін деген пікір шынайы сияқты», - деді Н. Оспанов.

Оның айтуынша, көлікпен өнімді өткізу қабілетінің әлсіздігі астық сатуға кедергі келтіреді.

«Бізде шын мәнінде 1-1,2 млн тонна астықты ғана өткізе алатын көлік инфрақұрылымы бар екенін айтуымыз керек. Бізден астық қабылдайтын елдерде бұл мүмкіндік одан да төмен. Яғни, айына 1 млн тоннадан артық жүк жеткізе алмаймыз. Біз Қытайға қалған өнімді сатуға тырысамыз, өйткені олардың төлем қабілеті жоғары. Бұл тұрғыда ҚТЖ-мен бірлесе аталған елге жүкті тұрақты тиеу мүмкіндігін пысықтап жатырмыз. Ол үшін ұйымдастыру мәселелерін шешу қажет. Осы көрші елге 1 млн тоннаны жөнелте аламыз. Бұл ретте бізде сұранысы жоқ 3 млн тоннаға жуық астық сатылмай қалады. Түптеп келгенде, фермерлердің шығынға ұшырауы мүмкін екенін мойындауымыз керек. Енді осы мәселені егжей-тегжейлі қарастыру керек», - деді «Қазақстанның Астық одағы» ЗТБ төрағасы.

фермерлер астық Шығын

Тақырыпқа жаңалықтар