Қазақстан жаңалықтары7 маусым 2024, 12:00

Гүлмира Сатыбалды ісі: кәсіпкер Абай Жүнісов Қайрат Сатыбалдымен байланысы туралы айтты

Алматыда Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша өтіп жатқан сот барысында жәбірленуші кәсіпкер Абай Жүнісов 2002 жылы айыпталушының бұрынғы күйеуі Қайрат Сатыбалдымен қалай бірге жұмыс істегенін айтып берді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

«Мысалы, зияткерлік мектептерді салуға «Ария Жаңа Астана» компаниясына бір келісімшарт алдық. Сол кезде, есімде, ол Қайрат Сатыбалдыұлына жүгінді, олар бірге премьер-министрдің орынбасарына барып, құрылысты біздің компания салуын өтінді. Мен мұны әкімшілік ресурс деп санаймын», - деді кәсіпкер.

Сондай-ақ ол бір кездері Қайрат Сатыбалдыұлымен бірге жұмыс істегенін атап өтті.

«2002 жыл еді. Ол кезде Гүлмира Сатыбалды екеуі ресми некеде болатын. Қайрат мені Алматыға шақырды. Ол кезде мен «Астана-Финанс» компаниясында жұмыс істейтінмін. Ол «Менің Қазақстаным» партиясы мен «Наурыз банк» секілді бірқатар жобалары бар екенін, сонымен қатар «Дәуір» баспа кешені мен «Кітап» кітап фабрикасы сияқты жекешелендірілген бірқатар активтері барын жеткізді. Ол мені осы компанияларда туындаған жағдайды «шешуге» көмектесуге шақырды», - деді Абай Жүнісов.

Айтуынша, ол кризис-менеджері ретінде шақырылған.

«Мен бұл компанияларды 12-15 айдың ішінде жарыққа шығарып, барлық проблемалық мәселелерді шеше алдым. Сол жерден мен осы компанияда жұмыс істегенде мол бонус алу үшін мүмкіндігінше барымды салдым. Нәтижиесінде, орасан зор жұмыс атқарылды. Ақырында компания Сатыбалдыұлының анасына берілді», - деді Абай Жүнісов.

Жәбірленушінің сөзінше, біраз уақыттан кейін ол компаниядан кеткен.

«Мен ол жерден іс жүзінде ештеңесіз кеттім. Мен көп іс атқарғандықтан, ол мені қаржылай марапаттайды деп ойладым. Бірақ, өкінішке орай, мен ештеңе алмадым. Содан кейін жеке кәсіп аштым. Осыдан кейін Гүлмира маған қайтып келіп, менімен жұмыс істегісі келетінін айтты. Мен келістім. Бірақ осының бәрі болған соң мен қатты өкіндім. Соңында мен міне, сот залында тұрмын», - деді ол.

Бұған дейін кәсіпкер Абай Жүнісов Гүлмира Сатыбалды бірлескен серіктестікте ұрлық жасады деген күдікпен кінәсін мойындауды талап етіп, 2019 жылдың ақпанынан бері үйінде заңсыз қамауда ұстағанын айтқан еді.

Айта кетейік, алдын ала тыңдау кезінде, айыпталушы Г. Сатыбалды алқабилер сотына қатыспайтынын жеткізген болатын.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Гүлмира Сатыбалды біреудің мүлкін иемдену және жымқыру қылмыстық ісі бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ сот оған 10 жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқаруға тыйым салды.

Гүлмира Сатыбалды кәсіпорындардың қатысу үлесін заңсыз иемдену, соның ішінде адам ұрлаумен ұштасқан екі факті бойынша тергеуге алынған еді. Жәбірленушіге келген залал сомасы – 6,6 млрд теңгеден асады.

Сондай-ақ, Гүлмира Сатыбалды сотқа дейінгі тергеу кезінде шекара асып кетпек болған.

Гүлмира Сатыбалды айыптаулармен келіспейтінін айтып, әділ шешім қабылдауға өтініш жасаған болатын.

Гүлмира Сатыбалды Абай Жүнісов Қайрат Сатыбалды сот

Тақырыпқа жаңалықтар