Кәсіпкерлер заңда жоқ алым-салықты төлеп келген
Павлодарлық кәсіпкерлер заңда жоқ алым-салықты төлеп келген. 167 кәсіпкер бюджетке 21 млн теңгенің алым-салығын артық төлеген. Жауапты департамент бұл санаттағы алымдар 2022 жылы алынып тасталғанын бизнес иелеріне дұрыс түсіндірмеген, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жариялады.
Өңірлік антикор қызметі жалпы саны 167 кәсіпкердің қазынаға 21 млн теңге салықты артық төлегенін анықтады.
Аталған салық түрі 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап алынып тасталған.
Алайда бұл өзгеріс туралы облыстың мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлерге жеткілікті түсіндірмеген.
«Экология кодексінде қоршаған ортаға келген залал үшін арнайы эмиссия төлейтіндердің 4 тобы белгіленген. Алайда қоршаған ортаға минималды көлемде зиян келтіретін 4-ші топ бойынша салық төлеу 2022 жылдан бастап жойылған. Салдарынан 167 кәсіпкер жалпы сомасы 21 млн теңгені артық төлеген. Біздің мамандарымыз арнайы мониторинг барысында осы кемшіліктерді анықтады. Департаментке олқылықтарды түзету, кәсіпкерлердің ақшасын қайтарып беру жөнінде кеңес берілді» делінген өңірлік антикор қызметі.
Қазіргі уақытта 46 кәсіпкерлік нысанына 4,5 млн теңгесі қайтарылған.
Өзгесі бойынша жұмыс жалғасып жатыр.