Көшпенділер ойыны: Қазақстанның үш садақшысы финалға шықты
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Дәстүрлі садақ ату бойынша Пута нысанасын көздеуде финалға шыққан спортшылар есімі хабарланды. Олардың ішінде үш қазақстандық садақшы бар. Пута нысанасын көздеуге Аустралия, Германия, Әзербайжан, Мажарстан, Индонезия, Иран, Испания, Италия, Йемен, Малайзия, Оңтүстік Корея, Қытай сынды 33 мемлекеттен 180 спортшы бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасында қазақстандық Жәнібек Құлмырзаев, Қанат Қасымхан, қырғызстандық Исхак Токонов, мажарстандық Ласло Кочка финалға шықты, - деп хабарлайды Arbat.media.
Әйелдер арасында – қазақстандық Айкөркем Батихан, қырғызстандық Әсел Садырова, ресейлік Анна Алексеева және мажарстандық Корени Янка Юдит топ жарып шықты, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Финал ойындары бүгін Астанадағы «Арғымақ» ат-спорт кешенінде сағат 16:00-де басталады.
Пута нысанасында ерлер 70 метр, әйелдер 60 метр нысананы көздейді. Әр спортшыға 7 мүмкіндіктен беріледі, әр мүмкіндікте 3 минут уақыт болады және 9 жебе атылады.
Әр тиген оққа 1 ұпай беріледі, ең жоғры ұпай – 63. Ұпай сандары тең түскен жағдайда 9 жебемен тағы бір мүмкіндік беріледі. Тағы да тең түссе – нысананың ортасына ең жақын тиген оқ есепке алынады.