Қазақстан жаңалықтары16 ақпан 2024, 10:12

Маңғыстауда жүк көлігі ауыл халқын газсыз қалдырды

Жаңаөзен құрамына кіретін Кендірлі ауылында жүк көлігін жүргізген тұрғын газ құбыры желісін қағып, апатқа себепкер болды. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындары орталықтандырылған газдан ажыратылды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады. 

Аталған оқиға Кендірлі ауылындағы Жұлдыз шағын ауданының Шерқала көшесінде болған. 63-А учаскесі маңындағы қиылыста жеке меншік МАЗ автокөлігінің жүк салатын бөлігінің көтеріліп кетуіне байланысты орта қысымды газ құбырының бір бөлігін іліп әкеткен.

«Жүк көлігі жүргізушісінің жеке басы анықталды. Ол түскі уақытта үйіне келіп, жұмысқа шығып бара жатқанда оқыс жағдайға ұшыраған. «Казтрансгазаймақ» бригадасы іске жұмылдырылып, жөндеу жұмыстарына кірісті. Оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ», - деді ауыл әкімі Мекен Мұхамет.

Кендірлі ауылында болған апаттық жағдайға байланысты газ желісіне жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін көгілдір отын уақытша өшірулі болады.

Кендірлі жүк көлігі Оқыс оқиға газ құбыры

Тақырыпқа жаңалықтар