Президент ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшыларына үндеу жасады
1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық етеді, деп хабарлайды Arbat.Media.
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшыларына Қазақстанның Ұйымға төрағалығы басталуына орай үндеу жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев үндеуінде 5 негізгі бағытты атап өтті. Оның ішінде жаңа технологияларды игілікке бағыттап, еуразиялық экономикалық интеграцияның басты факторына айналдыру қажеттігін айтты. ЕАЭО-ға мүше елдердердің ортақ мақсатқа ден қойып, құрлықтағы жетекші логистикалық хабқа айналуға тиіс екенін жеткізді. Сондай-ақ әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті өнім шығару мақсатында кооперацияны кеңейту әрі тереңдету және сыртқы серіктестерімен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі жандандыра түсудің маңыздылығын атап өтті.
«Экономикалық интеграция – ЕАЭО аясындағы ынтымақтастықтың нәтижелерін сезінуге, яғни, жаңа өндіріс және жұмыс орындарын ашуға, алдыңғы қатарлы технологияларды енгізуге, еркін сауда ортасын қалыптастыруға септігін тигізетін маңызды тетік», — деп жазылған Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуінде.
Сонымен қатар Президент кедендегі ықтимал кедергілерді жедел анықтау үшін Ұйымға мүше мемлекеттердің заңнамалық бастамаларын мониторингтеу ісіне ЖИ технологияларын қосуды ұсынды.