Қайрат Сатыбалды мерзімінен бұрын босатыла ма?
Қайрат Сатыбалдының сотқа берген өтініші оның бірден босатыланын білдірмейді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев айтты.
Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатынан кейін тілшілер Бас прокурордың орынбасарынан 6 жылға сотталған Қайрат Сатыбалдының сот белгілеген жазаны өзгерту туралы өтініш жолдауына қатысты сұрақ қойды.
«Ондай өтінім болды және ол сотқа жолданды. Бірақ бұл өтініштің сотта қашан қаралатынын нақты айта алмаймын. Мұндай өтініш беруге сотталғандардың құқығы бар. Нақты шешімді сот шығарады», - деді Ә. Шындалиев.
Бұл тұрғыда ол сотталғандардың мерзімінен бұрын босату немесе жаза түрін ауыстыру туралы өтініш түсіруге құқығы бар екенін, бірақ біраз қылмыстар бойынша ондай құқықты қолдануға тыйым салынғанын еске салды. Атап айтсақ, террористік, экстремистік баптары бойынша сотталғандар жазадан босатылмайды.
«Бұдан басқа кез келген адамның өтініш беруге құқығы бар. Бұл арыз (Қ. Сатыбалдының) соттың қарауында. Оның бұл өтінішті бергені бірден бостандыққа шығады дегенді білдірмейді. Сот босату немесе бас тарту туралы шешім қабылдай алады», - деді Әсет Шындалиев.
Былтыр Қайрат Сатыбалдыға сот үкімі шығып, ол 6 жылға сотталды.