Қазақстан жаңалықтары23 маусым 2024, 20:32

Қазақстанда жарты млн адам мүгедектікке жәрдемақы алады

Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге республикалық бюджеттен 255,5 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілетінен және асыраушысынан айырылғандарға шамамен 33,5 млрд теңге әлеуметтік төлем жасалды, - деп хабарлайды Arbat.media.

1 маусымдағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны — шамамен 541,8 мың, асыраушысынан айырылғандар — шамамен 198,2 мың адам, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-тен әлеуметтік төлем жасалады.

Мәселен, 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 93,7 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылып, ал 62,8 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алды.

Төлем мөлшері мыналарға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ке әлеуметтік аударым жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілетінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адам саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.

Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асады.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 7% өсті.

ҚР Үкіметінің шешімі бойынша еңбекке қабілетінен және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-тен төленетін төлем мөлшері де 7% артты.

Мәселен, осы жылы жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1 топ үшін — 95 496 теңге, 2 топ үшін — 76 397 теңге, 3 топ үшін — 52 089 теңге.

1 маусымдағы жағдай бойынша еңбекке қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері — 57 090 теңге, асыраушысынан айырылу бойынша — 58 738 теңге.

Қазақстан жарты млн адам жәрдемақы

Тақырыпқа жаңалықтар