Қазақстандағы референдум туралы әлемдік БАҚ не жазды
6 қазанда Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдум өтті. Әр түрлі шетелдік басылымдар референдумның өткізілуі мен нәтижелері туралы жазды. Жексенбі күні Қазақстандағы референдумға қатысушылар экзитпол деректеріне сәйкес, атом электр станциясының құрылысын қолдады. Ел шығарындыларды азайту үшін таза энергия көзін пайдаланғысы келетін бірқатар мемлекеттерге қосылды, деп жазады Bloomberg. Сондай-ақ, басылым Еуразиялық интеграция институтының мәліметінше, респонденттердің шамамен 72%-ы АЭС салуға дауыс бергенін атап өтті, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы толығырақ Kazinform агенттігінің материалынан оқыңыз.
Bloomberg: Әлемдегі ең ірі уран өндірушісі референдумда АЭС құрылысын қолдады
Қазақстанның атом энергетикасын қолдауы тұрақты атом энергиясына өсіп келе жатқан жаһандық қызығушылықты көрсетеді, өйткені елдер энергияға деген жылдам артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға және шығарындыларды азайту үшін қазба отынына тәуелділікті азайтуға ұмтылуда. BBC: Қазақстанда АЭС салу туралы референдум өтті. Нәтижелер дүйсенбіде жарияланады.
Жексенбі күні Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдумда дауыс беру аяқталды — бұл елдегі және бүкіл Орталық Азиядағы алғашқы станция, деп хабарлайды BBC News Russian.
Орталық сайлау комиссиясының алдын ала деректері бойынша референдумға 7,8 млн қазақстандық қатысты (сайлаушылардың жалпы саны 12 млн), яғни келушілер саны 63,87% құрады.
Дауыс беру қорытындысы дүйсенбі, 7 қазанда жарияланады, деп хабарлайды ВВС ресейлік қызметі Орталық сайлауға сілтеме жасап.
Қазақстандықтар референдумда бір сұраққа жауап берді: «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?». Сайлаушыларға тек екі жауап ұсынылды: «Иә, келісемін» және «Жоқ, келіспеймін».
Референдумға үш күн қалғанда, 3 қазан күні ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясының құрылысын көпшілік алдында қолдады. Әйтпесе, мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан «әлемдік прогрестен тыс қалуы» мүмкін.
«Атом электр станциясын салу – ұзақмерзімді жоба. Алайда бұл бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, энергетикалық дербестігімізді нығайтады, экономиканың, ғылым мен білімнің түрлі саласын өркендетуге тың серпін береді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін қалыптастыруға ықпал етеді. Демек, оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді», - деген Қасым-Жомарт Тоқаев сөздерін келтіреді ВВС.
Елдің энергетика министрлігі алдағы 10 жылда Қазақстанға жаңа өндіруші қуаттарды енгізу қажет екенін айтуда. Алты шетелдік компания қазірдің өзінде атом электр станцияларының 13 жобасын ұсынған.
France 24: Қазақстандағы АЭС бойынша дауыс беруде «жақтаушылар» басым түсті
Жексенбі күнгі референдумда қазақстандықтар әлемдегі уран өндіру бойынша көшбасшы болып табылатын, бірақ электр қуаты жетіспейтін осы Орталық Азия еліндегі алғашқы атом электр станциясын салуға дауыс берді, деп хабарлайды France 24 AFP-ге сілтеме жасап.
Екі экзитпол да халықтың шамамен 70%-ы «қолдап» дауыс бергенін көрсетті.
Жексенбі күні Қ.Тоқаев «ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан тұратын халықаралық консорциумды» қалайтынын мәлімдеді. Қазақстан атом энергетикасын әсіресе 20 миллион халықтың жартысына жуығы тұратын елдің оңтүстігіндегі электр энергиясының созылмалы тапшылығын жою үшін пайдалануға үміттенеді.
АЭС қазақ даласындағы Үлкен ауылының жанында Балқаш көлінің жағасында салынады деп жоспарлануда, деп жазады France 24.
ТАСС: ШЫҰ миссиясының бақылаушылары Қазақстандағы референдумды еркін және заңды деп таныды
Шанхай ынтымақтастық ұйымының байқаушылар миссиясының өкілдері Қазақстанда АЭС салу жөніндегі референдумды еркін және заңды деп таныды. Бұл туралы миссия басшысы, ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Олег Копылов мәлімдеді, деп жазады ресейлік ТАСС ақпарат агенттігі.
«Миссия Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдум қолданыстағы заңнамаға және Қазақстан Республикасы қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес өткізілгенін мәлімдейді. Миссия Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша референдумды ашық, еркін және заңды деп таниды. Миссия референдумның Қазақстан Республикасындағы демократиялық процестерді одан әрі дамыту жолындағы маңызды қадам болғанын айтады, - деді Олег Копылов.
ШЫҰ байқаушылары референдум өткізу үшін барлық жағдай жасалғанын, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де қолайлы болғанын атап өтті, деп жазады агенттік. Миссия мүшелері бақылау жүргізу үшін кездейсоқ таңдалған 35 учаскеге барды. ШЫҰ байқаушылар миссиясының басшысы дауыс беру белгіленген тәртіпті сақтай отырып, тыныш өтті деп мәлімдеді. Байқау жұмысы кезінде миссия мүшелеріне шағымдар мен ескертулер түспеген.
АЗЕРТАДЖ: Мазахир Панахов: Әзірбайжан делегациясы – Қазақстандағы референдумдағы ірі халықаралық байқаушылар топтарының бірі
Әзірбайжан делегациясы Қазақстан Республикасындағы референдумға халықаралық байқаушылардың ірі топтарының бірі ретінде қатысуда. Референдумды барлығы 177 халықаралық байқаушы қадағалайды. Әзербайжан атынан 16 адамнан тұратын делегация барды, бұл халықаралық байқаушылардың жалпы санының шамамен 10% құрайды. Бұл туралы Әзербайжан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мазахир Панахов Азертадж ақпарат агенттігіне хабарлады.
Мазахир Панахов бастаған делегация осы елде 6 қазанда өтіп жатқан референдумды бақылау үшін Қазақстанға сапармен келді.
Оның айтуынша, референдум барысын мұқият қадағалаған Әзербайжан делегациясы бұл процесті ашық және демократиялық деп санайды, деп хабарлайды ақпарат агенттігі.
«Бақылаудың алдын ала нәтижелері бойынша осы уақытқа дейін жағымсыз оқиғалар тіркелген жоқ. Сайлаушылардың өз еріктерін білдіруге үлкен қызығушылығы бар. Біздің кейбір байқаушылар сайлаушылармен сөйлесті, адамдар тұтас отбасымен сайлау учаскелеріне келіп жатыр. Ешқандай араласу тіркелген жоқ. Жалпы, мұндай мәселелерге қазақстандық жұртшылықтың байыпты көзқарасы қуантады», - деді Әзербайжан ОСК басшысы.