Қазақстан жаңалықтары12 қаңтар 2024, 15:12

Тура жолдан тайдырған тегін грант

Шымкент қаласының полиция департаментіне дау көтерген бір топ әйел, арасында еркегі де бар, баса-көктеп кіріп келді. Сөздеріне қарағанда, грант алып берем деген біреуге бар ақшасын ұстатып, алданып қалған. Алаяқ бір күйдірсе, аудандық полиция арызымызды қабылдамай жатыр деп одан сайын ашуға булығып келген беттері екен. Біз бұл жайтқа полиция департаментінде болған жиыннан шығып бара жатып, кездейсоқ кезігіп қалдық, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Ішінен қаттырақ дауыс көте­ріп, гене­рал­дың шығуын талап еткен топтың же­тек­шісі, аты-жөнін айту­дан бас тартқан ора­мал­ды ке­лін­­шек мән-жайды түсіндіріп берді.

«Мұғаліммін, Сарыағаш ауданын­да тұрамын. Жеке кәсіппен айна­лысқым келді. Оған қаражат қайда? Мемлекеттік грант ұтып алсам ба деген ниетім бол­­ды. Сөйтіп жүргенде, ауылда Ай­нұр­ Тұрлыбекова деген келін­­шек­ті кездестірдім. Ол біз секіл­ді жандарға грант әперуге көмек­те­седі екен. Әрине, қызметі тегін емес. Айнұр мені сот орындаушы болып жұмыс істеген Қайрат Ибраимов деген жігітпен таныстырды. Олар менен 200 мың теңге сыйақы сұрады. 1 млн 300 мың теңге грант алуым үшін айтқан ақшаларын қолдарына санап бердім. Маған біраз уақыттан кейін шотыма грант қаражаты түсті. Мен байғұс шынымен грант ұтып алған екенмін деп жүрсем, ол ақшаны өздері ортадан жинап бергенін қайдан білейін. Сөйтсем, олар мені қармақ ретінде пайдаланған екен ғой. Грант алғаныма мәз болған мен туыс-туған, жақындарыма да көмектесер деген дәмемен олардың да ақшасын жинап, санап апарып бердім. Кейбіреуі қолындағы барын берген, жоқта­ры­нан әлгілер қаржы ұйымынан несие алдырған. Жалпы қарыз 17 млн теңгеге шықты. Алайда уәде еткен грант та жоқ, алған ақшаны да қайтаратын түрлері де байқалмайды. Жауапкершілікке де тарта алар емеспіз. Заңнан, құ­қық­ қорғау органдарынан қашып жүр. Ауыл адамдары ақшаны сен бергіздің деп мені қыспаққа алып жатыр. Жалғыз айлыққа қараған мен 17 млн теңгені қайдан тауып беремін. Қалтамда көк тиын жоқ. Осы жердің өзіне қарызданып-қауғаланып әрең келдім. Полиция да алаяқтарды ұстауға немқұрайды қарап отыр. Енді не істеймін, қайда барамын?», деді ашынғаннан жасын тыя алмаған келіншек.

Алаяқтар келіншекті «жұ­мыс­сыз жүрген таныстарыңызды әкел­сеңіз, бар несиеңізді жауып береміз» деп те алдаған. Өздерін сенімді көрсету үшін қазынашылық мекемеге барып, ақша транзакциясы жүріп жатқанын да көрсетіп сендірген. Жәбірленуші қаржыны Шымкент қаласындағы «КазГрупп» деген компанияға аударған.

Бұл жерде келіншекті сендір­ген тағы бір жағдай пысық жігіттің өзін «Астанадағы бір жоғары лауазымды адамның туған жиенімін, ол кісі маған әрдайым қолдау көрсетеді» деген сөзі болды. Осындай күмән тудырмайтын әрекеттің арқасында адамдар 300 мыңнан бастап 5,5 млн теңгеге дейін ақшаларын қалай беріп жібергенін білмей қалған.

Жәбірленушінің айтуынша, өзі секілді зардап шеккен бір топ адаммен бірге Шымкент қаласындағы Тұран аудандық полиция басқармасына арыз жазған. Бірақ полиция арыздарын қабылдамапты. Сонымен бірге Қайрат Ибраимовтың әкесі Әбдімомын Шымкент қаласы Абай аудандық әкімдігінде жеке кәсіпкерлерді қолдау бөлі­мінде жұмыс істейді. Қ.Ибраи­мов­ әкесінің де атын атап, жәбір­ле­ну­ші­лердің әбден сеніміне кірген. Келіншек осымен полицияға үшінші рет арызданыпты. Алайда жоғарыда айтқандай, полиция басқармасындағылар оны жылы сөзбен шығарып салып отырған. Сондықтан ол осы күн­де құқық қорғау органына сенуден қалғанын айтады. Шым­кент қаласының полиция депар­таментіне келіп, тікелей басты­ғы­мен сөйлесуді талап еткен. Жә­бір­ленушінің басты талабы – халық­тың ақшасын қайтарып алу. Қ.Ибраи­мовтың өзі кезінде сот орын­даушы болып жұмыс істеген, қазіргі таңда заңгер әрі «Каз­Групп» компаниясының басшысы кө­рінеді.

Қайрат пен келіншектің арасында талай әңгіме болған. Сөз арасында «ақшаңды бәрібір қай­тармаймын, шу шығаруды қой­ма­саң, өзіңе жаман болады» деп жоғары жақтағы адамдарымен қор­қытқанға ұқсайды. Мұны бізге жәбір­ленушінің өзі айтып берді. Әйел­дің бір басында 10 млн теңге не­сиесі бар екен. Дер кезінде төлей ал­маған соң «қара тізімге» ілініп ке­тіпті. Несие бір жағынан қысса, екін­ші жағынан халықтан жинаған қары­зы өлтіріп барады. Әлгі күдік­ті­ тек бұл келіншекті емес, тағы он шақты азаматты осылай алдап, өтірік грант әперіп, артынан талай адамды сан соқтырған. Ал грант алатын кезде жәбірленушіге Шым­кент қаласы әкімдігінен Нұр­дәу­лет есімді бір жігіт телефон соғып, сіз конкурста жеңімпаз атан­дыңыз деп сүйіншілеп, ақша шот­қа түсетінін айтқан. Кейін анық­талғандай, Нұрдәулет есімді адам әкімдікте істемейтін болып шық­қан. Ал оның шын есімі Ар­ман­ екенін соңынан барып білген.

Келіншекпен бірге еріп келген азаматтармен де тілдесіп көрдік. Сарыағаштан келген Аманкүл Имашева 340 мың теңгесінен айы­рылып қалған. Жалғыз баласы басынан жарақат алып, былтыр желтоқсан айында қайтыс болып­ты. Артында 3 бала-шағасы қалған. Ал Құрбанәлі Тасанбаев уәдеге сеніп 3 млн теңгесін беріп жіберген. Жәбірленуші Шахида Шамұратованың айтуынша, қыр­күйек айында Тұран аудандық полиция басқармасына арыз түсірген. Қазан айында жапа шеккен азаматтардың өздері Қайратты қашып жүрген жерінен ұстап алып, полицияға өз қолдарымен әкеліп тапсырған. Сонымен арыз бо­йынша іс қозғалған, ол сотқа өткен. Алғашқы сот отырысы 22 желтоқсанда болған. Алайда айыпталушының ауырып қалып, сотқа келмеуіне байланысты отырыс қаңтардың 10-ына шегерілген. Сот арнайы үкім шығарып, айыпталушыны үй қамаққа жіберген. Бірақ содан бері күдікті ізім-ғайым жоқ, дегенмен анда-санда жәбірленушілермен телефон арқылы хабарласып тұратын көрінеді. Ақшасын талап етіп келген азаматтармен тілдесу барысында қанық болған бар мәліметіміз осы.

Бұл оқиғаға қатысты құқық қорғау өкілдерінің де пікірін білдік. Шымкент қалалық полиция департаменті тергеу­ бас­қар­масының басшысы Өмірбек Бек­бердиевтің айтуынша, арыз негізінде қараша айында қоз­ғал­ған 4 іс бойынша күдікті Қайрат Ибраимов қамауға алын­ған. Ай соңында полиция істі сотқа өткізеді. Сот жоғарыда айтқа­ны­мыздай, айыпталушыны үй қамақта отыру шартымен үкім шығарып босатқан. Желтоқсан айында тағы да арыз бо­йынша жаңа іс қозғалған. Сол үшін қазір күдікті іздестіріліп жатыр. 9 адамның арызымен енді жаңа іс бойынша тергеу жүргізіледі. Дегенмен алаяқтық бабымен Тұран аудандық сотында бұрынғы іс әлі қаралып жатыр. Сотқа тағы да осындай баппен жаңа іс жолданғалы тұр.

Бұл жерде бір таңғалдыратыны – күдіктінің соншалықты арсыз­ды­ғы мен заңды белден басуы. Әйтпесе сот отырысы өтеді, өзі оған бармайды, сөйтеді де жаңа жылдың қарсаңында жәбірленушінің біріне телефон шалып, кафеде отырғанын айтып, тез арада 37 мың теңге салып жіберуін талап етіп, тілегі орындалса 3 млн теңгесін қайтаратынын айта ма? Әлде бұл арада қандай да бір қылмыстық жүйенің шынымен де бар болғаны ма? Бұл күмәнді жайттар енді тергеу барысында анықталады.

Екінші мәселе – ақша ұсынған адамдардың қаржылық сауат­сыз­дығы. Өйткені мемлекеттік грант – жеке кәсіпкерлік бастаманы қолдау үшін берілетін тегін қаражат. Ал бұл қаржыны ортаға әлдекімдерді салып сатып алудың өзі заң бұзушылық емес пе?

 

 

Шымкент Грант Ақша алаяқ

Тақырыпқа жаңалықтар