"Жүрегім алаң": Танымал дәрігер Елдос Колобок пен оның әйелінен кешірім сұрады

«Экомед» клиникалар желісінің маманы Перизат Байқошқарова блогер Елдос пен оның жұбайы Таңшолпаннан кешірім сұрады, деп жазады Arbat.Media Аlash.kz ұлттық порталына сілтеп. 

Бұған дейін блогер Елдос Кәдірханов дәрігерлік құпияны сақтамады деп Перизат Байқошқароваға ренішін жеткізген еді.

"Жұбата алмай отырмын. Біздің емге қатысы жоқ адам біз туралы не басы не аяғы жоқ әңгіме айтып, халық оны түсінбей, әркім өз түсінгені бойынша таратып келіншегімді жылатып отыр. Кім жауап береді? Не қателік кетті? Ең жаманы – кеше ғана мақтап отырған клиникаға өкпе реніш айту. Біз ел қатарлы пациентпіз! Ақшасын төлеп қызметін алдық. Жарнама жасауға, мақтауға, насихаттауға келіспедік. Тек біз сияқты бала сүйгісі келіп қиналып жүрген жандар осындай күшті жер бар екенін білсінші деп едік, енді өзіміз күйіп отырмыз... Ұят-ай! Енді не істейін? Медициналық этика қайда? Бастаған соң бас аяғын толық айту қайда? Бірден түсініп "ааа, бәсе” дей салатындай елдің бәрі дәрігер емес қой», – деді Елдос.

Оның сөзінше, жүрегіне әйелінің жылағаны қатты батқан.

"Өмірі позитивті нотада жүретін отбасы едік... Ешкіммен қырылмайтын, ешкіммен ұрыспайтын, ешкімді ренжітпеуге тырысатын едік, өзіміз ренжісек максимум боқтап бұғаттап тастайтын едік. Бұл жолы әңгіме басқаша... Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді. Әйеліммен баламыз жоқ деп жылаушы едік. Енді Алланың қалауымен бәлембай жылдан соң жүкті болып әйелімнің тағы жылап жүргені жаныма батты. Еш жаман ойымыз, ниетіміз жоқ, тек елге түсіндіріп айтқымыз келеді", – деп түйіндеді ол.

Араға бірнеше күн салып, "Экомед" клиникасының қызметкері Перизат Байқошқарова желіде видео жариялап, кешірім сұрады.

«Айтылған бір ауыз сөзім кейбір жүректерге ауыр тигенін естіп, жүрегім алаң. Бұл сөз ешкімді ренжіту үшін емес, керісінше, үміт сыйлау үшін айтылған еді… Иә, Елдос бауырым бұрынырақ хабарласқан. Ол кезде, өкінішке қарай, бізде ондай технология болмаған. Ал бүгінгі таңда – бар. Бұл – менің жеке пікірім. Елдос дұрыс айтты: "Бәрі дәрігер емес". Ал мен де журналист емеспін. Сондықтан кей сөздерім бұрмаланып, толық жеткізілмеген болуы мүмкін. Соған шын жүректен кешірім сұраймын. Елдос пен Таңшолпаннан, сондай-ақ барша қазақ елінен кешірім сұрай отырып, осы видеомен арада туындаған түсініспеушілікке нүкте қоюды жөн көрдім", – деді ол.

Елдос колобок Салтанат Байқошқарова

Тақырыпқа жаңалықтар