Алматы әкімдігі жауапсыз мердігер компаниямен келісімшартты бұзды
Алматы қаласының әкімдігі мемлекеттік музей жанындағы скверге реконструкциялау жұмыстарын жүргізген мердігер компаниямен шартты біржақты тәртіппен бұзды. Алматы әкімдігінің мәліметінше, шарт 2022 жылы жасалды, ал нысан 2023 жылы тапсырылуы тиіс болған. Мемлекеттік музей жанындағы скверді қайта жаңарту жұмыстары уақтылы жүргізілмегендіктен, әкімдік мердігер компаниямен шартты бұзу, тапсырыс берушіні мемлекеттік сатып алуға талаптарды орындамайтын қатысушы деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы сотқа талап арыз жолдады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Ұзаққа созылған сот талқылауларынан кейін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты өткен жылдың қараша айында «Шах «құрылыс компаниясы» ЖШС-ін жұмыстарды толық көлемде аяқтауға міндеттеді, оның ішінде субұрқақты жөндеуді жүктеді. Алайда, мердігер ешқандай шара қолданған жоқ, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы «Шах» құрылыс компаниясы» ЖШС-мен шартты біржақты тәртіппен бұзды.
«Осы жылдың соңына дейін субұрқақты реконструкциялау жөніндегі жұмыстарды аяқтау үшін жаңа мердігерлік ұйымды айқындау бойынша конкурстық құжаттама дайындалып жатыр», - деп хабарлады әкімдіктен.
Атап өтерлік жайт, аталған компания Әлия мен Мәншүк скверіндегі жұмысты да толық атқарған жоқ. Әкімдік құрылыс жұмыстарын бұзғаны үшін компаниядан 56,1 млн теңге көлемінде тұрақсыздық айыбын өндірмек.