Биыл Алматыда 37 мың контрафакт тауар тәркіленген
ФОТО: КТК
КТК
Қазақстан жаңалықтары14 қыркүйек 2024, 14:00

Биыл Алматыда 37 мың контрафакт тауар тәркіленген

Танымал брендтердің сапасыз көшірмесі! Алматыда базар мен сауда орталықтарынан тәркіленген контрафакт тауарлар жойылды. Оның арасында теледидар, салқындатқыш, косметика мен қорап-қорап ойыншық бар. Оны түпнұсқасынан ажырату оңай емес. Дегенмен бағасы арзан көшірме тауарлардың сапасы сын көтермейді әрі тұтынушыға төнетін қауіп көп дейді мамандар, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы КТК телеарнасы жазады.

Су жаңа теледидарды бұлай бұзғаны қалай деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ бұл әлемде танымал бренд атын жамылған жалған техника. Оны бір қарағанда түпнұсқасынан ажырату қиын. Пайда көздегендер тұрмыс техникасынан бастап, азық-түлік, тіпті дәрі-дәрмектің көшірмесіне дейін жасайды. Алданып қалмау үшін тауардың қорабын жіті тексеру керек.

Жанат Нұрмағамбетов, Контрафакті тауармен күрес бөлімінің басшысы:

– Түпнұсқасының үстінде nescafe деп жазылған, ал контрафактіде nestle жазылған. Суреті де, түсі де басқаша. Кез келген тауарды қорабына, кодына қарап алу керек.

Мұндай тауарлар бүкіл нарықты жаулап алған. Бағасы арзан болғасын, жұрт жарыса сатып алады. Базардан бастап, сауда орталықтарында, тіпті маркетплейстерде де жалған көшірме самсап тұр.

— Міне, дәл қазір мына жерде контрафакт ойыншықтар жойылып жатыр. Яғни, алдымен қорабынан ажыратылып, мынадай арнайы құрылғыда ұнтақталады. Кейін пластмасса қайта өңдеуге жіберіледі. Қораптардың іші толған көшірме ойыншықтар. Балаға өте қауіпті дейді мамандар.

Еркебұлан Жетпісбаев, Алматы қаласы, Әділет департаментінің бөлім басшысы:

– Бұл ойыншықтар баланың денсаулығына зиян. Оның қандай материалдан жасалғаны беймәлім. Бөлшектері кішкентай, бала оны жұтып қоюы мүмкін. Сапасы төмен.

Тауар таңбасын заңсыз пайдаланғандар айыппұл төлейді. Қылмыстық жауапкершілік қарастырылса да, мамандар жалған тауар жасаушылардың жолын кесу қиын дейді. Себебі Әділет департаментінің қызметкерлері тек арыз түскенде тексеріс жүргізе алады. Биыл Алматыда танымал тауарды көшіру дерегі бойынша 75 тексеру жүргізіліп, 39 миллион теңгенің 37 мың тауары тәркіленіпті. Ал оны өндірген және сатқан адамдарға салынған айыппұл — 5 жарым миллион теңге. 

Алматы контрафакт тауарлар тәркілеу

Тақырыпқа жаңалықтар