ҰБТ: шешуші сынақ басталды
Елімізде талапкерлер негізгі ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) тапсырып жатыр. Бұл тестілеу 16 мамырда еліміздің 14 аймағында басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады. Ал төтенше жағдай жарияланған 6 өңірде (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары) аталған негізгі ҰБТ 25 мамыр мен 12 шілде аралығында өтеді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
Ұлттық тестілеу орталығының таратқан соңғы ақпаратына сүйенсек, тестілеу басталғаннан бергі 2 аптадан аса уақытта негізгі ҰБТ-ны 71 мыңға жуық адам тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 71%-ы қазақ тілінде, 29%-ы орыс тілінде, 84 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. ҰБТ басталғалы шекті ұпайды 74%-ға жуық талапкер жинады. Орташа ұпай 67-ні құрады. Өткен 2 апта ішінде тапсырғандардың ең жоғары ұпайы 137 болды, оны осы аптада үш талапкер жинай алды. Осы екі аптада ерекше білім беру қажеттілігі бар 266 талапкер негізгі ҰБТ-ға қатысты.
Күн сайын ҰБТ екі лекте өткізіледі. Статистика көрсеткендей, таңғы лекте ҰБТ тапсырушылардың орташа ұпайы түстен кейінгі лекте тапсыратын талапкерлерден жоғары. Қазіргі уақытта айырмашылық 5 ұпайды көрсетіп тұр, яғни түске дейін тапсырғандардың орташа ұпайы – 69, ал түстен кейін тапсырғандардың орташа ұпайы – 64.
Екі аптаның қорытындысында 126 ереже бұзушылық анықталды. Оның ішінде 94 талапкер смартфон, шпаргалка, басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан 27 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бейнежазбаларды тексеруден соң, ереже бұзған тағы 5 адамның нәтижесі жойылды. Ал тестілеуге кіруге талпынған, кірген бөгде адамдар анықталған жоқ. Айта кетсек, биыл ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ереже бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады.
Осыған дейін негізгі ҰБТ өткізіліп жатқан Астана қаласында Қазақ технология және бизнес университеті базасындағы пунктіге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы барып қатысқан еді. Министр талапкерлерді аудиторияға кіргізу барысын бақылап, талапкерлердің көңіл күйін сұрап, емтиханды сәтті тапсыруларына тілек білдірді. Талапкерлермен сол кездесуінде С.Нұрбек: «Тестілеуде барлық талапкер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. Жалпы саны 120 сұрақты құрайтын тестілеуде жоғары 140 ұпайды алу мүмкіндігі барша талапкердің еншісінде болмақ. Біз өз тарапымыздан талапкерлеріміздің тестілеу кезінде жайлы сезінуі үшін бар жағдайды жасаймыз», деп атап өтті.
Биылдан бастап талапкер: «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру салалары үшін кемінде 75, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» кемінде 70, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» кемінде 60 (ұлттық жоғары оқу орны үшін), ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 ұпай жинау керек.
Ұлттық тестілеу орталығының хабарлауынша, 186 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 342 мың өтініш берген. Өтініш берген талапкерлердің 291 251-і – биылғы мектеп түлектері. Өткен жылмен салыстырғанда түлектер саны 9 мыңға көп. Тест тапсырушылардың 75%-ы қазақ тілінде, 24,9%-ы орыс тілінде, 229 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді.
Айта кететін маңызды мәселе, талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және тапсыратын орнын өздері таңдайды. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейінді пәндердің бір ғана комбинациясын белгілеуге міндетті. Комбинацияларға келсек, қазіргі таңда талапкерлердің 16%-ы «Математика-Физика», 16%-ы «Биология-Химия», 13%-ы «Шығармашылық», 11%-ы «Математика-Информатика» пәндерін таңдады. Ал тестілеу форматында өзгерістер жоқ. 2024 жылғы талапкерлер үш міндетті және таңдау бойынша екі пәннен тест тапсырады. «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Бұл бейінді пәндерден сұрақтар санын 40-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар бейінді пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды. Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ, ал жоғары ұпай – 140, яғни бұл да өзгеріссіз қалды. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пәннен 40 тапсырма берілген. Тестілеудің жалпы уақыты 4 сағатты (240 минут) құрайды. Ал ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қосымша 40 минут уақыт беріледі, көру қабілеті бұзылған балалардың ыңғайы үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар әзірленді. Тағы бір ескеретін дүние, академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында тест нұсқалары таңбаланған. Бұл ҰБТ-ға қатысушылардың әрқайсысының жеке тест нұсқасы болатынын білдіреді. Сонымен қатар калькулятор, Химиялық элементтердің периодтық жүйесі мен тұздардың ерігіштік кестесі компьютер экранында қолжетімді болады. Талапкерлердің пікірі мен қалауын ескере отырып, оларға кестелердің қағаз нұсқасы беріледі.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Әбдірәсілов негізгі ҰТБ туралы баспасөз жиынында баяндағандай, қатысушылар тестілеу қорытындысымен келіспеген жағдайда бірден апелляцияға бере алады. Талапкерлер тест нәтижелеріне сұрақтардың мазмұны, техникалық себептер бойынша да апелляцияға бере алады. Сұрақтардың мазмұнынан апелляция тестілеу аяқталғаннан кейінгі алғашқы 30 минутта беріледі, бұны дәлелді түсініктемемен негіздеу керек. Егер тестіленуші дұрыс жауапты табуға кедергі келтіретін тапсырма шарттарында фрагменттің (мәтін, схема, сызбалар, кестелер) жоқтығын анықтаса, техникалық себептер бойынша апелляцияға беруге құқылы. Апелляцияға берілетін өтініштерді Республикалық апелляциялық комиссия 30 жұмыс күні ішінде қарайды. Биылдан бастап комиссия отырысы басталғанға дейін апелляцияны жеке кабинет арқылы қайтарып алуға болады.